Ақтауда 500 орындық Yessenov студенттер жатақханасының ашылуы өтті

Yessenov University парақшасынан алынды

22 сәуірде Ақтауда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Yessenov University 500 орындық студенттер жатақханасының ашылуы өтті, деп хабарлайды mangystauzhastary.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

22 сәуірде ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының Атырау және Маңғыстау облыстары талапкерлері мен ата-аналары үшін нысаналы білім беру гранттары бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министрдің төрағалығымен батыс өңіріндегі жастардың елдегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алуына арналған дөңгелек үстел өтті.

Yessenov University парақшасынан алынды

Университет президенті Берік Ахметов ғылыми-техникалық қызметтің түрлі салаларында білім алатын, техникалық ой-өрісін дамытатын болашақ инженерлердің, технологтардың, IT мамандарының өсіп-жетілуіне жағдай жасау мақсатында «Yessenov» технопаркінің құрылысы жобасымен таныстырды.

Технопарктің зертханалары ашық және тек студенттерге ғана емес, қала тұрғындарына да қолжетімді болады. Екі қабатты кешен заманауи технологияның 80-нен астам түрімен, түрлі жабдықтармен, соңғы үлгідегі бағдарламалары бар компьютерлермен жабдықталады. Технопарк ғимаратының құрылысы жоспарланған жерде ескерткіш тас орнатылып, «Уақыт капсуласы» қаланды. 2076 жылы Yessenov University 100 жылдығына орай жасанды интеллектке, студенттерге, профессор-оқытушылар құрамына арналған капсула ашылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар қонақтарға жылыжай, «Жасыл технологиялар» орталығындағы тұшыту қондырғысы, Теңіз академиясының үш қабатты ғимараты, Академиялық шеберлік орталығы және жаңа стадион жобасы ұсынылды. Сондай-ақ қонақтар болашақ Жастар саябағының аумағына ағаштар отырғызды. Шара әрі қарай кампуста салынған 500 орындық жаңа жатақхананың лентасын қию рәсімімен жалғасты.

– Қазақстанда үлкен демографиялық өсім бар. Соңғы үш жылда бір жарым миллионға жуық бала дүниеге келген. Жыл сайын 400 мың бала дүниеге келеді. Жалпы, БҰҰ Орталық Азия елдеріндегі халық саны 2030 жылы 82 миллион адамнан асады деп болжап отыр. Біздің мақсатымыз – жеті жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 70 мың орындық жатақхана салу. Бұл мәселе Елбасының тікелей бақылауында», – дейді Саясат Нұрбек.

Yessenov University парақшасынан алынды

Қазіргі уақытта министрлік жергілікті атқарушы органдармен келісімшарттарды пысықтауда.
– Маңғыстау облысының компанияларына, мердігерлеріне, құрылысшыларына, инвесторларына айтқым келеді. Маңғыстау облысында арнайы жобалық кеңсе ашып жатырмыз. Алдағы жеті жылға бюджет қаражаты қарастырылған. Қолайлы шарттармен жұмыс істеуге дайын. Арнайы қаржы жатақхана, студенттер үйі, оқу ғимараттарын салуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнес орталықтарын, қонақүйлерді жатақханаға айналдыруға қарастырылған, – деп хабарлады ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде арнайы білім гранттары бөлініп жатқанын атап өтті.

Yessenov University парақшасынан алынды

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырау және Маңғыстау облыстарының жастары үшін екінші жыл қатарынан қосымша атаулы білім гранттары бөлінуде. Бұл мектеп түлектері мен олардың ата-аналары үшін үлкен қолдау екені сөзсіз! Осы орайда, батыс өңірлеріндегі жастарды еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл жобаға еліміздің жоғары оқу орындарының қосылуы – өңір жастарының дамуына зор мүмкіндік, жаңа белестерді бағындыруға игі жол, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Түстен кейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Yessenov University студенттерімен кездесіп, дәріс оқып, сұрақтарына жауап берді.

Exit mobile version