Ақтауда 200-ден астам сарбаз ант қабылдады

Ақтауда әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының қатарына жаңадан сарбаздар қосылды.

Салтанатты шарада биыл күзде Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласынан шақырылған әскерлер бар.

Сарбаздар бір айдың ішінде жас жауынгер курсынан өтті. Әскери бөлімнің тарихы, дәстүрімен танысты. Техника мен қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, саптық, мемлекеттік-құқықтық және атыс даярлығының негіздерін зерделеді.

Жас сарбаздар Қазақстан Республикасының Батыс облыстарының әуе шептерін қорғау үшін қажетті әскери-есептік мамандықтарды игеруге кіріседі.

Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сарбаз аналар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

-Біз Алматы қаласынан келдік. Әскерде қызмет етуге дайын ұлымызды мақтан тұтамыз. Оған және барлық балаларға Отанымызды абыроймен қорғауы үшін сәттілік тілеймін, – дейді сарбаздың анасы Сабира Палманова.

Қонақтарға әскери бөлімнің казармасы мен асханасы, қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері, қоян-қолтық элементтері, қару-жарақпен дефиле, сондай-ақ әскери қызметшілердің шығармашылық тобының күштерімен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Exit mobile version