Ақтау студенттер Альянсының көшбасшыларына төсбелгі берілді

Бүгін «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен студенттік кеңестің қорытынды отырысы өтті. Отырысқа «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ төрағасы Парасат Серік, Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай және студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының төрағасы, оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Алдымен облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай сөз сөйлеп, биыл жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Атап айтқанда, өңір жастары шетелде тағылымдамадан өтті, талантты әрі дарынды жастар жол жүру грантына ие болды, үздік жоба ұсынғандарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілді, «Маңғыстау жастары» тұрғын үй бағдарламасы және тағы басқа жобалар орындалды. Сонымен қатар ол алдағы уақытта іске асатын жоспарын тілге тиек етті.

Ал «Ақтау студенттер Альянсы» КҚ атқарушы директоры Парасат Серік ұйымның жыл бойы атқарған жұмысын баяндады. Соның ішінде жоғары деңгейде әрі ауқымды түрде өткен «Жыл студенті – 2023» облыстық студенттер фестивалінде алға озған жастардың есімін атап, оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына алғысын айтты. Бұдан бөлек студенттер арасында сауалнама өткізіліп, жастар арасындағы өзекті мәселелер анықталды. Студенттердің шығармашылық, мәдени-қоғамдық, спорттық бағыттағы белсенділігін арттырып, жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін шараларды ұйымдастырды.

Кеңес барысында студенттік парламент жұмысын жетелдіріп, көшбасшылық танытып жүрген жастарға «Ақтау студенттер Альянсы» атынан төсбелгі табысталды. «Student Life» жобасын ұйымдастыруға атсалысқан студенттер мен өңірдегі орта және арнаулы оқу орындарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбайдың алғыс хатымен марапатталды.

Exit mobile version