Аналарға қолдау – қоғамға қамқорлық

Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Тұлға. Әйел. Ана» атты аналарға арналған психологиялық тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – түрлі өмірлік қиындықтарға тап болған аналарға қолдау көрсетіп, олардың психологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ету.

Тренинг барысында орталық психологы Маржан Мұстафина қатысушылармен еркін форматта жұмыс жүргізіп, күйзеліс пен эмоционалдық шаршауды жеңудің жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, аналарға отбасы ішіндегі қарым-қатынас, өзін-өзі дамыту және өмірлік мақсаттарды айқындау бағытында кеңестер берілді.

Шараға «Жанұя» орталығында тұрып жатқан аналар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және жұмыссыз аналар қатысты. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі маманнан нақты жауаптар алып, пайдалы кеңестерге қанықты.

Тренинг аясында «құм терапиясы», арт-терапия, сурет салу және жеке жұмыс бағыттары қамтылды. Бұл әдістер аналардың ішкі жан дүниесін ашуға, күйзелісті жеңілдетуге және өз-өзіне деген сенімділікті арттыруға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, мұндай психологиялық қолдау шаралары қазіргі қоғамда аса маңызды. Себебі отбасындағы тұрақтылық пен береке ең алдымен ананың көңіл күйіне байланысты.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай жобаларды жалғастырып, қоғамдағы әлеуметтік осал топтарға жүйелі түрде қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Exit mobile version