«Aktau marathon – 2022» жартылай марафоны өтті

Ақтау қаласында 25 қазан Республика күніне орай және КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Әмин Елемесұлы Тұяқовтың 85 жылдық мерейтойына арналған 10 және 21 шақырымдық «Aktau marathon -2022» жартылай марафоны өтті.

Жартылай марафонда 16 жастан жоғары ерлер мен әйелдер арасында 10 км әуесқойлар, 18 жастан жоғары 21 км қашықтықта кәсіпқойлар бақ сынады.

Жарысқа қатысуға Қазақстанның 12 облысынан және шет мемлекеттерден қатысушылар да ниет білдірді. Барлық тіркелуші саны 1000-нан асты. Нақтырақ айтқанда, Ресей , Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, Түркия мемлекеттерінен жүгірушілер қатысты.

«Aktau marathon -2022» жартылай марафонының ашылу салтанаты шарасына Әмин Тұяқов пен жұбайы Алма Досынбаева және Маңғыстау облысының әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлы арнайы қатысты.

10 км шақырымды бірінші жүгіріп өткен Ақтөбе облысының спортшысы Ислам Аманқос 1 орын, алматылық Нұрысбек Сексембай 2 орын, ал 3 орынды атыраулық Еркебұлан Аташов жеңіп алды. Ал қыздар арасында алғашқы болып Орал қаласының спортшысы Нұргүл Орынбасар, 2 орында алматылық Асем Кабдуш, 3 орында Ақтау қаласынан Арина Қуанышова жүгіріп өтті.

Ал 21 км шақырымда кәсіпқойлар арасында алғашқы болып мәре сызығын алматылықтар, атап айтқанда Рақымжан Келменов пен Александр Антонов, Аман Нұркелді кесіп өтті.
Қыздар арасында шымкенттік Ақбілек Құралбай 1 орын, ақтаулық Гүлнұр Елемесова 2 орын, Алматы қаласынан Гүлжанат Самигулиева 3 орын иеленді.

Марафонға қатысушылар сөре мен мәре белгіленген Амфитеатр алаңы маңындағы тас жолынан бастап, әуесқойлар 10 шақырымды 4 ш.а. 4 үйінің маңынан кері мәре сызығына дейін жүгірді және 21 шақырымда кәсіпқойлар Ақбота паркінен төменгі 4 «а» шағын ауданы бағытымен Өмірзақ елді мекені қиылысынан кері бағытпен жүгірді.

Жүгіру жарысында ерлер мен әйелдер арасында 12 орын тағайындалған. 10 км қашықтықта 3-орын-50 000 тг, 2-орын -100 000 тг, 1-орын -200 000 тг және үш орынға да смартфон сыйлыққа берілді. Дәл осындай 21 км қашықтықта «Vivо» телефонымен, 1 орын -300 000 тг, 2 орын-150 000 тг, 3 орын – 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды.

Әмин Елемесұлы Тұяқов – кеңестік және қазақстандық жеңілатлетші. Жеңіл атлетикадан КСРОның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы биыл 85 жасқа толды. Даңқты спортшымыздың айтулы мерекесін өз туған өлкесінде және республика деңгейінде ауқымды көлемде атап өтілуде, мерейтой барысында спорттық және мәдени іс-шаралар өтуде.

Exit mobile version