Аймақта кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу талқыланды

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында отбасындағы зорлық-зомбылық пен кәмелеттік жасқа толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау жайларының алдын алу қаралды.

Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қандарбек Бахтыгереевтің айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасында 5 суицид оқиғасы орын алған, тағы бір жағдай аяқталмаған суицид болып тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 дерекке төмен.

-Қоғамда орын алып жатқан өз-өзіне қол жұмсау іс-әрекеттерінің алдын алуға облыстық білім беру ұйымдары, Полиция департаменті, ішкі саясат, қалалық әкімдіктер, дәрігерлер мен психолог мамандар қатысуымен өткізіліп жатырған іс-шаралар көбейді. Жасөспірімдер арасында суицидке жол бермеу мақсатында бірнеше ұсыныс айтқым келеді. Олар – мектепте дәрігер-психолог, нарколог, психотерапевт, заңгер, педагог-психолог, әлеуметтік педагогтарды қатыстыра отырып, әр суицид сатысының себебін анықтау. Кешенді зерттеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құру және оларға оңалту шараларын жүргізу керек, – деді полиция департаментінің өкілі.

Сондай-ақ, аймақтық полиция департаментімен отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды.

Қазір облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді әлеуметтік оңалту үшін Ақтау қаласында 3 дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопановтың берген дерегіне сүйенсек, жылдың басынан бері облыста тұрмыстық
зорлық-зомбылық құрбаны болған 44 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Оның ішінде 10 әйел адам мен 34-і бала.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аталған мәселелерді шешуде қоғамдық ұйымдардың, ведомства аралық бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

-Қоғамдағы осындай түйіткілді мәселелерді үкіметтік емес ұйымдармен біріге шешу керек. Оларды қосымша күш ретінде пайдалануымыз керек. Әлеуметтік тапсырыстар тек салтанатты шаралар өткізу үшін ғана емес, проблемалық мәселелерді анықтауға, шешуге бағытталуы керек. Ұйымдарға бағыт-бағдар беріліп, әлеуметтік, қоғамдық мәселелер дер кезінде зерделеніп отыруы қажет. Тиісті органдарға қоғамдағы проблемалық тұстарды шешуге үкіметтік емес ұйымдарды тартуды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Жиын қорытындысы бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Exit mobile version