Бүгін өңір жастары «Lectorium» жобасы аясында денсаулық және сұлулық эксперті, коуч, нутрициолог Әйгерім Өткілбаймен кездесті. Кездесуде дұрыс тамақтану, бет күтімі тақырыбында сөз қозғалды.
Әйгерім Өткілбайдың айтуынша, дұрыс тамақтану мен бет күтімінің оң нәтижесі тек жан тыныштығы болғанда ғана көрінеді. Ол үшін күйзеліске түспеу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және тағамды өз мөлшерінде қолдану өте маңызды. Осы ретте ол жастарды тез дайындалатын тағамдардан аулақ болуға, газдалған сусын немесе синтетикалық БАД ішуден арылуға шақырды.
Сонымен қатар жастар арасында өзекті семіздік, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, бет терісі проблемаларының шығу салдарын түсіндірді. Нақтыласақ, ас – адамның арқауы. Сондықтан ең бірінші кезекте – тағамды тұтынарда оның құнарлығы мен сапасына көңіл бөлу қажет. Бұл ретте әрбір адам ет өнімдерін, көкөністер мен жемісті, сүт өнімдерін өз мөлшерінде тұрақты әрі күн сайын тұтынуы қажет. Сондай-ақ «арықтаймын» деп диета ұстайтындардың жиі жіберетін қателіктерін тілге тиек етті.
«Арықтау кезінде адамдар осы үш қателікті жиі жібереді. Көбі калория санайды, негізінде тәрелкеңіз толыққанды болуы тиіс. Ең алдымен сан емес, сапа. Ақуыз, майлар, көмірсуларды қолдану керек. Арықтайтын адам жеміс-жидекті көп жейді. Бұл да – қателік. Себебі, жеміс дегеніміз – глюкоза, глюкоза – қант, ал қанттың көп мөлшері артық майға ұласады. Жалпы дені сау адамның өзіне күніне 2 жеміс жеу жеткілікті. Әсіресе, күндізгі уақытта. Содан кейін жиі жүрек жалғау, яғни ауыз әрдайым жыбырлау инсулинді әткеншектей тербетеді. Ал инсулинге төзімділік қант диабетіне алып келеді», – деді Әйгерім Өткілбай.
Шара барысында жастар белсенді болды. Олар толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасты. Сонымен қатар жоба қонағы Әйгерім Өткілбаймен ойын ойнап, естелік суретке түсті.
«Сіздер – жас буын өкілісіздер, бұл кез келген затқа қызығып қарайтын шақ қой. Сол себепті басатын қадамыңызды алдын ала ойланып, санада сұрақ қойып, жоспарлау қажет. Әрбіріңіз – жеке, дара тұлғасыз. Қазақстанды жан-жақтан көтеретін болсаңыздар, қандай керемет болушы еді. Мен сіздерге елді көркейтер қуат, білім тілеймін! Осы жобаға шақырғандарыңызға қуандым, себебі аудитория – жас. Мен айтқан ақпараттардан қандай да бір дән егілсе, мен қуанар едім. Себебі ақпарат жан-жаққа жетеді, бұл дегеніміз қаншама жастың өз денсаулығына құрметпен қарауына септігін тигізеді. Сол үшін баршамыз әрдайым ауызбіршілікте болайық! Тек «мен» демей, «біз» деп жақсылыққа жиылсақ, еліміз көркейеді деген ойдамын», – деді Әйгерім Өткілбаева.
Айта кетейік, «Lectorium» жобасы Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті. Шараның негізгі мақсаты – өңірге танымал тұлғаларды жастармен кездестіріп, олардың өнегелі ғұмыры мен ерең еңбектері жайлы сұқбаттасу. Жоба алдағы уақытта жалғасады.
Жұлдызай Қалиева