«Ай-шуақ» қоғамдық қорының басшысы Құрмет Шынардың бастамасымен балалар үйінде тоғызқұмалақ кабинеті ашылды. Аталған орталықта қазіргі таңда 98 бала тәрбиеленуде, оның ішінде 48 бала тоғызқұмалақпен айналысып жүр.
Мен аптасына бір рет барып, сабақ өткіземін. Тоғызқұмалаққа қажетті барлық құрал-жабдықтарды өзім қамтамасыз еттім. Жақында кабинеттің лентасы қиылып, толыққанды жұмысын бастады.
Біздің негізгі мақсатымыз – балалардың ойлау қабілетін дамыту, логикалық тұрғыдан ойлануын жетілдіру және қол моторикасын қалыптастыру. Бұл жерде тәрбиеленіп жатқан балалар – ерекше білімді қажет ететін балалар, сондықтан бұл ойын олардың зейінін арттырып, жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ұлттық ойынымызды дәріптеу және оған деген қызығушылығын арттыру да басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады.















