Ғалым Құрман маңғыстаулық жас ҮЕҰ өкілдерімен кездесті

Ғалым Құрман

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Құрман Ғалым Полатұлы және жобаларды басқару департаментінің директоры Рашидов Еркен Ерікұлы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары барысында Ғалым Құрман «Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы» ғимаратында келіп, жастар орталығының атқарып жатқан жұмыстарын тыңдады. Сонымен қатар, «Zhasproject» жобасының Маңғыстау облысындағы жобалық өңірлік кеңсесімен танысты.

Жоба жетекшісі, «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н.Мағдатов Ғалым Полатұлына аталған жоба аясында аттаған кезеңдер мен атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Н.Мағдатов өз сөзінде жобаға жалпы жиыны 530 жоба түскендігін, жоба авторларының тең жартысынан астамы осал топтағы азаматтар қатарына жататындығын, жоба ұсыну саны жағынан Ақтау мен Мұнайлы жастарының көш бастап тұрғандығын тілге тиек етті.
Өз кезегінде, Ғалым Полатұлы жоба нәтижесіне аса баса назар аудару қажеттігін, ашықтық пен әділдікті қатар ұстану керектігін жеткізді. Мұнымен қоса, Ғ.Құрман жобаға түскен бірқатар ерекше өтінімдермен танысып, жобаның сәтті жүзеге асып жатқандығына ризашылығын білдірді.

«Zhasproject» өңірлік жобалық кеңсесінің жұмыс барысымен танысудан соң Ғ.Құрман іле-шала жас үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен және өкілдерімен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен кездесуде жас үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бүгінгі таңда атқарып жатқан жобалардың барысы, дайындық жұмыстары мен күтілетін нәтижелер туралы сөз қозғады. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы аталған жобалардың шынайылығына тоқталды. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымның жүгін арқалаған азаматтар мен азаматшалардың дені жастар екендігіне қуанышты екендігін жеткізе отырып, жобаларға сәттілік тіледі.

Exit mobile version