Жер бетінен жоғалған діндер

Адамзат баласының қарапайым санадан кемел санаға деген ұмтылысы жалпылама түрде алып қарағанда бір минут та болса толастаған емес. Алайда бүгінгі күнге дейін қол жеткізген адамзат табысының ең үлкені-гуманизм дер болсақ, оны толықтай мағынасын қалыптастыру үшін қаншама ғасырлар мен қаншама жоғалтулар қажет болды.

Адамның кемел санаға ұмтылысына саты ретінде қашан да діндер көмекке келіп отырды. Байырғы әлемде ғылым атаулының енді­енді дүниеге келіп жатқаны белгілі. Мұндайда барлық назарды адамдар дінге аударды. Дін адамдарға жердегі бүкіл дүниенің белгілі һәм белгісіз бір күш тарапынан пайда болғанын, басқарылып тұрғанын және ол күштің жерге мәңгілік иелік ететінін түсіндіріп бақты. Нәтижесінде ежелгі тіршілік иелерінде де сенімнің түрлері аз болмады. Олардың да біршамасы уақыт толқынымен жағаға шығып қалып отырды, адамдар тарапынан ұмы­тылды, сенім жоғалды. Бүгінгі сөз де осынау жер бетінен жоғалған діндер туралы.

Финдік көп құдайшылық. Бұл дінде өзге діндердегі секілді өзіндік нақтыланған анықтамалар мен анықтаушы діни ритуалдар жоқ. Мұндай көпқұдайға табынушылық қазіргі Финдляндия жерінің аумағында христиандық дін келместен бұрын кең етек жайған. Аталмыш дін шаманизмнен эволюция жолымен бірте­бірте дамып, өзіне ғана тән бірнеше ерекшеліктерді қалыптастырған. Мысалы, туыстас өзге де діндер ең басты назарды ата-бабаларды құрметтеуге аударады. Финдіктер сөз­ең үлкен күш пен құдіретке ие деп есептеген. Олардың көзқарасында, адамның жаны тек жанды объектілерден ғана емес, сонымен қатар жансыз объектілердің қатысуынан да пайда болған. Финдік көпқұдайшылдар табиғат әлемімен етене байланыста болып, әлем үйректің жұмыртқасынан жаралған деп сенген. Ал олардың басты құдайы Укко аталып, ол құдай найзағай жіберетін құдірет иесі ретінде аспан үстінде екі аяқты арбамен, семсерлі найзағай ұстап жүр деп есептеген. Құдай мерекесін 4­сәуірде тойлайтын финдік көпқұдайшылдар үшін бұл күн күнтізбедегі ең бір киелі күннің бірі саналған. Укко мен скандинавиялық құдай Тороның арасында көптеген ұқсастықтар кездеседі. Бұл діндегілердің жердегі қасиетті жануарлары болып сиыр саналған. Ол құдайдың өзінің көлігі деседі.

Тәңіршілдік. Бұл дін әлемдегі ең көне діндердің бірінен саналады. Ғалымдардың айтуынша, біздің заманымыздан бұрынғы 3600-жыл мен 1200­жылдардың аралығында, шамамен қола дәуірінде пайда болып, Таулы Алтай мен Орталық Азияда етек жайған. Тәңіршілдікте біз сөзге арқау қылып отырған өзге де жоғалған діндер секілді өзіндік кітабы болмаған. Солтүстік Кавказ тұрғындары да осынау құрбандыққа жылқы беріп, Тәңірге табынатын діннің шеңберінде болған деседі. Олардың шырша құрып, құдайынан тілек тілеуі қазіргі Христиан дінімен үндес. Бұл мерекелері әр жылдың 23­желтоқсанына сәйкес келеді. Тіпті кейбір ғалымдар Христиан дінінің ритуалдары, түптеп келгенде, діннің өзі Тәңіршілдіктен тамыр тартады дейді. Жер бетінен дін ретінде жойылған бұл сенімді бүгінгі қырғыз халқының біршама бөлігі әлі күнге дейін ұстанады. Тіпті Қырғызстан саясаткерлері қайбір жылдары Тәңіршілдікті мемлекеттік дін етуге талпыныс жасағаны белгілі.

Ханаандық дін. Ұмытылған бұл Ханаан жұрты ескі Ефрат пен Иорданның арасында Жерорта теңізіне дейін созылып жатқан. Мыңдаған жылдар бұрынғы тіршілікті куәландыратын жалғыз Тора мен Інжілдің үзінділері ғана. Ханаандықтар израильдіктердің үйреніскен жауы ретінде белгілі. Алайда 1927 жылдан 1937 жылға дейін Сирияның солтүстігінен бірнеше кестелер табылып, исол арқылы ескі діннен хабар алынған. Бұл кесте бойынша жоғарғы құдай Эл, оның ұлы Баал, ол дауыл мен жауынның құдайы болған. Ең танымал аңыздардың бірі Баал мен өлім құдайы Мотаның шайқасы. Мотаның қолына түскен Баалды өлімнен азат ету үшін құдайдың қызы Анат жер астына түсіп, Мотаны өлтіріп тынады. Қысқасы ханаандықтар құдайы ылғи да соғыста жүрген. Оның адамдардың азап, қайғысына мойын бұрар уақыты болмаған. Адамдар солай сенген екен. Уақыт нәтижесінде көрші халықтар мен басқыншы мемлекеттердің әсерінен ханаандықтар діні бірте­бірте ығысып, адамдар жадынан өшкен.

Манихейшілдік. Ман атауы негіз болып біздің заманымыздың төртінші ғасырында пайда болған аталмыш дін әу баста еретикалық христиандық секта ретінде саналған екен. Бірақ уақыт өте келе манихейшілдік жеке дербес дін ретінде қалыптасты. Манихейшілдік дінінің негізін қалаған тұлға Мани бұл діннің сол кездегі көшбасшы діндер: христиан, буддизм, зароастризмнің ең үздік үлгі-үзінділері бірігіп, осы дінді құрағанын куәландырған. Шын мәнінде манихейшілдер болмағанда апокрификалық христиан жазуы жер бетінен жоғалған болар еді. Дін негізі жақсылық пен зұлымдықтың айырмашылығын білуде жатқан, адамды құтқаратын білімді толықтыруға үндеген. Мани оқымыстылары, дін ағартушылары арасында ұлы қаншама миссионерлер болса да манихейшілдік орта ғасырда-ақ өз танымалдылығын жоғалта бастапты. Оның себебі ретінде Қытай Үкіметінің, ежелгі Рим Үкіметінің және католиктік шіркеудің үздіксіз ізге түсуі айтылады. Манихейшілдіктегі ең танымал миф­жарық пен қараңғының, екі бөлек патшалықтың соғысы. Олардың түсінігінде: Адам мен Хауа зұлым тіршіліктерден пайда болған, Иса мен Мани ғана жақсылықтың нұрынан туған. Бұл нұрлы тұлғалар нағыз рухты адамға дарыту үшін өмір сүрген.

Атонизм. Бұл дінді Египетке Амонхетоп ІҮ атымен танымал перғауын Эхнатон әкелген. Атонизм ресми түрде ресми дін ретінде қабылданған монотеистік сенім түрі. Перғауын елде нағыз мәдени және діни төңкерістерді жасаған, әлбетте, расымен оның өлімінен соң бәрі де өз арнасына қайта оралды. Эхнатонның жария етуі бойынша Атон атты құдаймен сөйлесе алатын жалғыз ғана жан өзі болған. Діннің мұндай шектеулілігі мысырлықтардың бұл діннен безініп, ескі көне діндеріне қайта келуіне әкеліп соқтырған. Мұндай қалыптан тыс діннің болғаны туралы жазба деректер ХХ ғасырдың басында ғана анықталды. Ол жазба мұраларда Эхнатонның осы сенім түріне қатты берілгендігі айтылады (әсіресе әйелі Нефертитидің қазасынан соң). Эхнатон перғауынның кезінде діндарлар Атон құдайдың құрметіне Тутанхатон деп атаған Тутанхамонның әкесі екендігін білеміз. Тағы да айта кетерлігі, Эхнатонның ел билеп тұрған шағында бірнеше діни әнұрандар дүниеге келген екен, оның біреуі Інжілдегі әйгілі 104-ші діни өлеңмен ұқсас.

Митраизм. Парсы танымынан тамыр тартатын аталмыш дін Ескендір Зұлқарнайынның жаугершілік жорықтарының әсерінен Еуропада дами бастапты. Митра культі ұрымдық (римдік) сардарлардың арасында өте танымал. Әсіресе ол шекараға жақын қыстақтар мен елді мекендерде жақсы таралған. Митраизм өз кезегінде көнеримдік құпия сенімге айналып шыға келген. Римдіктер Митраны парсылар табынған күн құдайы, әділет, аспани құдірет иесі деп білетін. Сарбаздар оны бізге сәттілік алып келеді деп санады. Митраизм туралы ақпарлар жоқтың қасы. Бұл діннің өз кітабынан қалған жұрнақтар мен бірде-бір сөз тіркестері де жоқ, тіпті бұл діннің өз кітабы болды ма дерсіз. Митраизм туралы тек ежелгі шіркеулердің қирандыларынан ғана білеміз. Олар жердің астында орналасқан. Дін жалғастырушылары ескі шіркеулер тозғанда жаңасын тұрғызуды жоспарлаған. Олардың күнтізбесіндегі ең қасиетті күн – 25 желтоқсан- Митраның туған күні. Бұл тұрғыдан қараған ғалымдар христиан дінін Митраизмнің жалғасы деп есептейді. Әрине, мұны дәлелдеу – қиынның қиыны.

Ашуризм. Бұл дін ассириялық халықтың ұлттық культі есепті болған. Ашуризм түптеп келгенде уақыт жағынан вавилондық дінмен де барабар. Тек бір ғана айырмашылығы ол дінде жоғарғы құдай ретінде Мардукқа табынатын болған. Ассириялықтар бұл рөлге Ашурды таңдаған. Аталмыш көпқұдайлық дінде мыңдаған құдайлар бар, алайда ең негізгі басты құдайлар саны біз білетін Иштар мен Мардукты қоса есептегенде жиырмаға жуықтайды. Вавилондық дінмен сәйкестіктер жағынан оның иудаизм мен христиан дініне де ұқсастықтары бар, мысалы, бүкіләлемдік топан су мифі мен вавилондық мұнара туралы аңыз. Адамның алғашқы әйелі болған Лилит есімді әзәзіл әйел туралы дүдәмал тарих та дәл осы жерден бастау алған. Ашуризмдегі ең мақтаулы дата – Акиту  деп аталатын жаңа жыл фестивалі. Ол тұтастай 11 күнге созылып, жоғары құдіреттің құрметіне көп мақтаулар айтылған. Бұл дін Исаның туылуынан 1800 жыл бұрын пайда болып, тарих ғылымында бесінші ғасырға жатқызылады. Біз білетіндей, өзінің діні секілді Ассирия да құлады. Алайда ашуризм бірнеше уақыттар бойына астыртын түрде жалғасуы да әбден мүмкін.

Ведизм. Ежелгі үндіарийлықтар Құдайға ведизм діні арқылы құлшылық еткен. Мұндай дін шамамен екімыңжылдықтар бойына танымал болған. Кезеңі б.з.д. 1500-500 жылдар аралығын қамтиды. Қазіргі заманауи үнділер сенімінің негізін салған да осы ведизм діні деуге толық негіз бар. Олай дейтініміз төрт Веданың киелі мәтіндері осы ведизмде де қолданыста болған. Әлбетте өзіндік айырмашылықтары да бар. Мәселен, ведизмге сенушілердің діни ғұрыптарында басты рөлді пірәдарлар атқарған. Олар құдайларына жануарларды құрбан етуі арқылы жақындауды мақсат тұтқан. Сонымен қатар құдайларына жиі-жиі сүт пен дәнді дақылдарды беріп тұруды да ұмыт қалдырмаған. Пірәдарлар өз сеніміндегілерге өмірді жақсарту, құдайға жақындау туралы дәрістер оқып тұрған.

Тәржімалаған:
ЕДІЛБЕК ДҮЙСЕН

Exit mobile version