Жаздан естелік жинап үлгерейік

Жаздың аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. Олай болса жаздан жарқын естеліктерді бірге жинап үлгерейік. Тамыздың соңғы күндерін бос өткізбей, күн мен теңізден ләззат алайық. Кеттік!

Сапбордқа мініп, теңіз үстінде қалықтайық. Бар әдемілікті көру үшін таңғы ұйқыны қиғаның дұрыс. Себебі таңда теңіз толқынсыз, тыныш болады. Оған қоса күннің шығу сәтіне куә боласыз. Керемет емес пе, иә?!

Егер сапбордқа мінуге қорықсаңыз, ештеңе етпейді. Қайық бар. Ескекті қолға алып, бағытты өзіңіз басқарып, тамаша уақыт өткізуге кеңес береміз.

Өзіңіз білесіз, Ақтаудың сәні – яхталар. Осы жазда яхтаға отырып, қаланы алыстан тамашаладыңыз ба? Онда, сіз кереметсіз! Ал әлі үлгермегендерге «мүмкіндікті пайдаланып, яхтаға отырыңыз» дейміз. Жалғыз емес, жақындарыңызбен. Бұл – отбасымен бірге уақыт өткізуге тамаша мүмкіндік.

Ал құрбы, достарыңыз болса, міндетті түрде теңіз жағасына пикник жасаңыз. Табиғат аясындағы ас, достық әзіл, жылы лебіз, алтын аспан, барлығы үйлесе кетеді. Қандай әдемі көрініс десеңші?! Мұны тек сезіну керек.

Романтикадан жалықсаңыз, адреналин алуды ұсынамыз. Ол үшін TetysBlu тематикалық паркіне барсаңыз жеткілікті. Ойын-сауық, адреналинге толы қызықты сәттердің куәсі боласыз.

Дайвинг жасауды да ұмытпаңыз. Каспий теңізі астындағы тіршілікті көріңіз. Таңқалдырмай қоймайды.

Әзірге осы тізім ыстық естеліктерді жинауға көмектеседі деп ойлаймыз. Ендеше сәттілік, жан жылытар, қуаныш әкелер тәтті шақтар көп болсын! Тек қауіпсіздікті ұмытпаңыздар!

Exit mobile version