Бейнеулік жас ақын «Абай оқуларында» топ жарды

The interior has a armchair on empty white wall background,3D rendering

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 14-17 тамыз күндері аралығында Семей қаласы, Абай ауданында «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында ХХІІІ республикалық «Абай оқулары» байқауы өткізілді.

Қазақ халқының әдеби мұрасын насихаттау, оқушылардың классикалық қазақ әдебиетін оқуға қызығушылығын арттыру, Абай мен Шәкәрім шығармашылығын насихаттау, оқушылардың эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлы ақындардың поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауда Маңғыстау облысынан қатысқан 6 оқушы жүлделі орындар иеленді.

Солардың бірі –бейнеулік Ерсұлтан Аушановтың бағы мен бабы қатар шауып, 1-орынды қанжығаға байлап, байқауда топ жарды. Ерсұлтан Бейнеу ауданы, Сам жалпы білім беретін мектебінің 10-сыныбында оқиды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша қара үзіп шыққан ол жастайынан өлең-сөзді жанына серік еткен.

Ерсұлтаннан бөлек, аталған байқауда Мұнайлы ауданы, №3 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Аминова Ақсымбат және Түпқараған ауданы, Ж. Мыңбаев мектеп – гимназиясының 10-сынып оқушысы Жақсылық Гүлдана ІІ орыннан, Қарақия ауданы, №7 жалпы білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Романов Нұрқожа ІІІ орыннан көрінсе, Ақтау қаласы, №5 жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Тұрлығазы Айсәуле Алғыс хатқа ие болды.

Exit mobile version