Ақтауда «Рухтастар Cases» жастар сессиясы өтті

Бүгін маңғыстаулық жастар облыстың мәслихат депутаты, ҚР президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Аят Сүгірбаймен кездесті. Еркін форматта өткен кездесу «Amanat» партиясының ұйымдастыруымен «Рухтастар Cases» жастар сессиясы аясында өтті.

Жақында Аят Сүгірбай елордада өткен ҚР президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысына қатысып келді. Осы ретте ол кеңес отырысында қозғалған маңызды мәселелерді жеткізді. Атап айтқанда, қазір жастар арасында кең таралып жатқан синтетикалық есірткінің алдын алу, нашақорлыққа қарсы күресу, репродуктивті денсаулық сынды тақырыпта әңгіме өрбітті. Сондай-ақ мәселелерді шешу жолында тұжырымдама әзірленетінін айтты.

«Елде соңғы 7 айда 77 кантрабандалық жолды кесу тіркелді. Бұл – өте көп. 24 лаборатория жабылған, ай сайын 3 лаборатория, он күн сайын бір зертхана жабылған. Бұл – ҚР ішкі істер министрлігінің мәліметі. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят та дабыл қағып отыр. Себебі нашақорлар саны жасарып жатыр. Тіпті, бір жылдың ішінде синтетикалық есірткінің 120-ға жуық түрі шыққан. Себебі дайындау тәсілі жеңіл, оның құрамы да ашықтан-ашық сатылып жатыр. Кейде, есірткі ретінде емес, энергия беретін өнім ретінде де көпке ұсынылып жатыр», – деді Аят Сүгірбай.

Осы ретте ол жастарды зиянды әрі денсаулыққа кері әсер беретін өнімдерден аулақ болуға, заң аясында жұмыс атқарып, идеологияны күшейтуге шақырды. Ол үшін мемлекет жастардың болашағы үшін шын алаңдауы қажет екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, елде синтетикалық есірткіні анықтайтын зертхана әлі жоқ.

Кездесу аясында жастар саясатындағы жастар жасын азайту туралы сөз қозғалғанын айтты. Яғни, 18 жастан емес, одан ерте жаста жастар саясатындағы жұмыстарға араласуға мүмкіндік беруді ұсынған. Одан бөлек жастар арасындағы жұмыссыздық, әскерге бару, баспанаға қол жеткізу сынды тақырыптар қозғалды.

«Рухтастар Cases» жастар сессиясының қатысушылары келген спикерге сауалдарын қойып, ашық әрі еркін ойын жеткізді. Сөз соңында Аят Сүгірбай замандастарын ұстанымға берік болуды, қоғам үшін ортақ істе аянып қалмауға шақырды.

Exit mobile version