Жастар үш жыл күткен 91 тобы Ақтауда

Кеше маңғыстаулық жастың көбі Маңғыстау Аренада болды. Себебі көптен күткен Ninety One тобының Батысқа сапары Ақтаудан басталды.

Эмоция, атмосфера, көңілді ән мен би. Мұның барлығы Ninety One тобы ән салғанда еселене түсті. Бір сәтке тоқтап қалған кездері болмады, көрерменнің барлығы бірге ән салып, рэпті судыратып оқып тұр. Байқауымша, концертке келгендердің басым бөлігі – 2015 жылдан бергі жанкүйерлері.

«Мен 2015 жылдан бері Ninety One тобының жанкүйерімін. Концерт ұнады, жоғары деңгейде өтті. Енді отырып, демалып алайын десек, «Аяма», «Қалай қарайсың» әндері бірінен соң бірі айтылды. Мұндай кеште қалай билемеуге болады?! Концертке келген адам қарасы көп, ғимараттың желдеткіші істемейді. Жүрек қысылып, құлап та алдым. Бірақ мұның өзі көңіл-күйімді бұзбады. Керісінше, Ninety One-мен бірге бір толқында болғаныма қуанамын», – деді ақтаулық жанкүйер Айгерім Алшағырова.

Иә, концерт от болды. «Мұнда өрт жетпейді, сал тағы да отын» деген сөзге сай, өрт болды. Оған жанкүйер жастардың жалыны мен әншілердің махаббатын қосыңыз. Нағыз ыстық атмосфера.

Ninety One тобының шығармашылығы махаббатқа толы. Өмірдің әр кедір-бұдыры мен тегісін, ыстығы мен суығын өз әніне сыйғызған. Сондықтан музыка жай ғана музыка емес, естіп, сезінгенге мотивация болды. Сахна үстінде Zaq «Why`m» әнінің тарихымен бөлісті. Оның айтуынша, осы әнді жазар кезде әр оқушы басындағы толассыз ойлар мен таңдауды еске түсірген.

«Көптің қалауы, жақсы көрсеткіш пен жоғары баға, жүрек қалауынан тыс өмір. Осы сәттердің бәрі сол кезде уайым. Бірақ уақытша. Өмірде сөз айтатындар көп болады. Десе де өз үніңді тыңда, жүрек қағысыңа құлақ түр», – деп «Why`m» әнін бастап кетті.

Арман – өлшенбейді. Кешегіге дейін көп жастың арманы Ninety One тобымен бір толқында ән салу болғаны жасырын емес. Мұны сол жердегі жастардың қуанышы мен көз жасынан, ішке сыймаған ерекше сезімдерден байқадық. Әлеуметтік желіде Alem-ді құшақтап, шын қуанған ақтаулық жігіттің видеосы тарап кетті. Жігіттің есімі – Анаят.

«Бұл сәтті үш жыл күттім. 2019 жылы топтың концерті болған еді. Ол уақытта ақшам болмады, бара алмай қалдым. Енді, міне, концертті дәл алдынан көріп, Alem-мен қол алыстым. Бақыттымын. Енді 91 тобы Атырауға барады. Атыраулықтар, махаббаттарыңды аямаңдар», – дейді ақтаулық жанкүйер Анаят.

Ақтаудың өзіне тән ыстығы мен жастардың жалыны Ninety One тобына да ұнаған. Олар маңғыстаулық жанкүйерлеріне алғыс айтып үлгерді.

«Маңғыстау, Ақтау, бәріңізге көп-көп рақмет. Бүгін тамаша концерт болды. Тамаша атмосфера, әдемі көңіл-күй. Көріскенімізге өте қатты қуаныштымыз. Сіздердің қолдауларыңыз бен махаббаттарыңызды сезініп, керемет күйде отырмын. Иә, ыстық болды. Концерттің ыстығы мен ауа райының ыстығы қосылып, өрт болды. Мен сіздерді жақсы көремін», – деді Alem.

Exit mobile version