Маңғыстауда «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі биыл республикалық деңгейдегі 17 спорт шеберін дайындады. Бұл туралы спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов хабарлады.
Оның айтуынша, биыл халықаралық деңгейдегі спорт шеберін 2, республикалық спорт шеберін 17 спортшы алды. Сонымен қатар, 8 спортшы ұлттық спорт төрешісі, 4 спортшы жоғары ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі атағына ие болды.
-Қазір мектепте барлығы 37 жаттықтырушы қызмет атқарады. Ауылдағы балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында Бейнеу ауданы, Опорный, Сарға, Жармыш, Сай-Өтес, Ақшымырау, Қызан, Шебір, Шайыр, Жыңғылды ауылдарында самбо мен дзюдо күресінен 10 бөлім аштық. Балалардың спортқа қызығушылығының артқаны сонша, топ саны 84-ке жетті. Бұл жағдай бізді қатты қуантады,- деді Манарбек Бисекенов.
Спикердің айтуынша, мектепте 10 спорт секциясы жұмыс істейді. Атап айтқанда, самбо, дзюдо, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, волейбол, баскетбол, жекпе жек сайысы, таеквондо, каратэ және белбеу күресі.
Бүгінде спорт мектебі халықаралық дәрежеде 12 жарыс ұйымдастырды. Ағымдағы жылы облыстық деңгейдегі жарыстарда спорт бөлімдері бойынша 107 спортшы, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда 145 спортшы, ҚР чемпионаттарында 29 спортшы жүлделі орындарға ие болды.
Брифинг барысында, 30 жылдан астам тәжірибесі бар, самбо күресінің аға-бапкері Берік Жұмағалиев аталған спорт түрінің жетістіктерін айтып өтті.
-Биылғы жыл самбо күресі балуандары үшін табысты жыл болды. Қазіргі таңда 30-ға жуық түрлі деңгейде жетістікке жетіп жүрген шәкірттерім бар. Биылғы жылы спортшылар Азия чемпионатында 2 күміс, 3 қола, ашық Азия кубогында 3 алтын 2 күміс 3 қола, Әлем чемпионатында 2 күміс 2 қола, ашық Еуропа кубогында 1 күміс 1 қола медальіне ие болды,- деді Берік Жұмағалиев.
Ал, көркем гимнастика бөлімінде арнайы Украинадан келген, 12 жылдан астам тәжірибесі бар Анастасия Алексеева 60-тан астам шәкіртті дайындап жүр. Маңғыстау облысының таеквондодан ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы Қуанғали Дастанұлы таеквондо бөлімінде 5 бапкер 300-ден аса спортшыны жаттықтыратынын айтып өтті.