Бүгін Жаңаөзендегі «Атамұра» мәдениет үйінде «Аманат» жыр-терме клубының жыр кеші өтті.
Іс-шара «Қырымның қырық батыры» жырының қағаз бетіне түсіріліп, ғылыми жинақ болып енгеніне 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
– Қазақ әдебиетіндегі «Қырымның қырық батыры» – әлемдегі ең ұзақ эпос. Эпос 36 жырдан тұрады. Жалпы «Қырымның қырық батыры» эпопеясы шартты түрде үш тармаққа бөлінеді. Олар: «Аңшыбай батырдың ұрпақтары», «Қарадөң батырдың ұрпақтары», «Жеке батырлар». Жыршылық – ел қастерлейтін өнер. Сол үшін «Атамұра» мәдениет үйі жанынан құрылған «Аманат» жыр-терме клубының өнерпаздары арқылы жырды баяндап жеткізуге тырыстық, – деді «Аманат» жыр терме клубының үйірме жетекшісі Қармыс Разбаев.
Кеште бірнеше жыршы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, Жарас Қаржаубаев «Парпария батыр» жырын, Бегей Жақсылық жыраудың батасын алған шәкірті, жыршы Бердібай Тойғұлиев «Ер Едіге» дастанын, Серікбол Базылбек «Сұлтанкерім батыр», Санжар Әлдібайдың орындауында «Қарт Қожақ батыр», Нұрсайын Сабырбайұлы «Жаңбыршы батыр», ең жас термеші Ернар Ниятбай «Құлыншақ батыр» жырын орындады.
Іс-шара соңында «Домбыра дастан» тобы сахнаға шығып, сиясы кеппеген «Қырымның қырық батыры» толғауын орындады.