Маңғыстаулық екі спортшы Гауһар Жаңғазы мен Дәулет Абдулла қол күресінен әлем чемпионы атанды.
Түркия елінің Анталия қаласында қол күрестен жасөспірімдер, жастар арасында “Әлем чемпионаты” өтті. 54 мемлекеттен 1700 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде ел намысын 200 спортшы қорғады.
Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен маңғыстаулық 3 спортшы ел қоржынына 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде салды. Маңғыстаулық Гауһар Жаңғазы мен Дәулет Абдулла қол күресінен әлем чемпионы атанып, көк туымызды Түркия елінде әлемдік аренада көтерді.
Сондай-ақ, жеткіншек қыздар арасында 45 келі салмак дәрежесінде Гауһар Жаңғазы оң қолдан 1 орын, сол қолдан 2 орын алса, жасөспірім ұлдар арасында Дәулет Абдулла 50 келі салмақ дәрежесінде оң қолдан 1 орын, сол қолдан 3 орын, ал жастар арасында Рухани Мұстафа 55 келі салмақ дәрежесінде оң қолдан 3 орын иеленді.
Әлем чемпионы атанған 15 жастағы Гауһар финалда түрік спортшысынан басым түссе, Дәулет Абдулла финалда қазақстандық спортшымен кездесіп, жеңіске жетті.
14 қазан басталған әлем чемпионаты 23 қазан күні мәресіне жетеді.