Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбеков және облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек Қырғызстан мен Грузияға баратын жастармен кездесті.
Шара аясында «Бекен» жас көшбасшылар достастығының жетекшісі облыс әкімінің орынбасарына тағылымдаманың негізгі мақсатын айтып, жеңімпаз 10 жасты таныстырды. Сондай-ақ Қырғызстан мен Грузияға арналған тағылымдама жоспарымен бөлісті. Ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға арнайы box-қорабы табысталды.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев тағылымдамаға барар жастарға сәттілік тілеп, пайдалы ақпараттар алуға және барынша тәжірибе алмасу қажет екенін айтты.
«Биыл жастарға үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жаңашылдықты меңгеруге тырысыңыздар. Шетелден алған тәжірибені, алған білім мен дағдыны өңір жастарының дамуына, белсенділікті арттыруға жұмсайды деген ойдамын», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұ. Тналиев.
Айта кетейік, аталған жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ұйымдарының көшбасшылары үшін ТМД елдеріне тағылымдамалар» жобасы аясында орындалып жатыр.