Иорданияның астанасы Амманда өткен бокстан XXXII Азия чемпионатында маңғыстаулық Саматәлі Төлтаев қола медаль жеңіп алды.
Маңғыстау облысы құрамасының қос боксшысы ағайынды Төлтаевтар ұлттық құрама сапында Азия чемпионатында өнер көрсетті.
Қос боксшымыз да жарысты ширек финалдық кездесулерден бастады.
Маңғыстау облыстық бокс клубы өкілдерінің айтуынша, Саматәлі Төлтаев ширек финалда қырғыз боксшысынан айласын асырғанымен, жартылай финалда иорданиялық Әбу Джадже Мұхаммедке есе жіберіп жүлделі 3-орын иеленді. Ал Санатәлі Төлтаев ширек финалда өзбекстандық Руслан Абдуллаевқа есе жіберіп жарыс жолын ерте аяқтады.
-Ағайынды Төлтаевтар болашағынан зор үміт күттіретін боксшылар. Алда әлі талай биік белестерді бағындырып, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатады деп сенеміз, деді Маңғыстау облыстық бокс клубының өкілі.
Иордания төрінде 25 салмақ бойынша биылғы былғары қолғап үздіктері анықталды. Бұл жолы 27 елден 181 ер және 86 əйел сынға түсті.
30 қазан мен 13 қараша аралығында бокстан Азия чемпионатында ұлттық құрама сапында 13 ер және 12 әйел спортшы сынға түсті.