Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Маңғыстаудың «Қара бурасы» – Нұрдәулет Жарылғапов 100+ келі салмақта ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанды.
Нұрдәулет Жарылғапов жарыстың алғашқы күні өнер көрсетті. Чемпионаттың бірінші күні ересек спортшылар ерлер 82, 90, 100 және +100 келі салмақта белдесті. Ал әйелдер 75 және +75 келі салмақта мықтыны анықтады.
-Нұрдәулет алғашқы белдесулерінде әзірбайжандық балуанды және өзбекстандық палуанды жеңіп, ақтық сынға өтті. Ақтық белдесуде Қырғызстан елінің спортшысы Бекболат Токтогоновтан басым түсіп, қазақ күресінен әлем чемпионы атанды, деді бапкері Қайрат Бурбасов.
Ал, осы салмақта қола жүлдені Грузия елінің спортшысы Giorgi Chagelishvili мен өзбекстандық Mukhsin Khisomiddinov алды.
Жарыста ұлттық құраманың өкілдері және «Дала қыраны» титулының иегерлері әлемдік додада ел намысын қорғауда. Айта кету керек, Қара бура шілде айында «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері атанды, қарашада «Дала қыраны» титулын жеңіп алған.
12 желтоқсан басталған жарыс 14 желтоқсан күні мәресіне жетеді. Үш жас тобын (ересектер, жастар және жасөспірімдер) қамтыған тұңғыш Әлем чемпионатына 40-қа жуық мемлекеттің 350 балуаны қатысуда.