Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау күшейтілді. Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда биыл әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат 59,1%-ке артты.
Үкіметтік емес ұйым — үкіметтен тәуелсіз жұмыс істейтін, әдетте қоғамдағы маңызды мәселерді алдыға шығарып, оларды шешуге ұмтылған еріктілер тобы құрған бейкоммерциялық ұйым. Мұндай ұйымдар жергілікті, ұлттық және дүниежүзілік деңгейде құрыла алады.
Ресми мәліметке сәйкес, қазір Маңғыстау облысында 120 ҮЕҰ белсенді түрде қызмет жасап, 1,5 мың адам осы салада еңбек етуде. Биылдан бастап, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірде осындай ұйымдарға қолдау күшейтілді. Мәселен, 2021 жылы 36 әлеуметтік жобаға 237,7 млн. теңге қаралса, 2022 жылы 47 әлеуметтік жобаға 406 млн. теңге қарастырылды. Яғни, көрсеткіш 59,1%- ға өсті. Оның ішінде гранттық қаржыландыруға 140 млн теңге қаралып, 3 басқарма бірнеше жобаны іске асырды.
Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Мұқаш Оралбайдың айтуынша, биыл ҮЕҰ ерекше қолдау көрсетіліп жатыр.
-Маңғыстау облысы әкімі жанындағы жастар ісі кеңесінде өңірдегі 10-ға жуық жас көшбасшы былтыр Нұрлан Ноғаевқа бірқатар ұсыныстар айтқан болатын. Сондағы ұсыныстардың шешу жолын сол кезде облыс әкімі айтқан – келер жылы қаржыландыру деңгейін көбейтіп, оны грант есебінде береміз немесе жастар ресурстық орталығының қаржыландыру деңгейіне қосамыз деген ұсыныс болған. Биыл расындада мемлекеттік жастар саясаты саласында, әсіресе осы салада қызмет атқарып жатырған қызметтік ұйымдар үшін қолдау жылы болды, – деді Мұқаш Оралбай.
Өңірде белсенді жұмыс жасап тұрған ҮЕҰ бірі – «Азаматтық Альянс» бірлестігі. Ұйым төрайымы Жібек Ахметованың айтуынша, 2005 жылы құрылған ұйым 15 жылдан астам уақыт бойы азаматтық бастамаларды дамыту, жергілікті қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру және жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсету сияқты жобалар мен айналысып келеді. Мамандар бастамашыл топтарға, азаматтарға, ҮЕҰ, ауылдық ресурстық орталықтарға 145-тен астам кеңес берді.
-Біздің ұйымның негізгі миссиясы – жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру және азаматтық бастамаларды дамыту. Осыған орай, біз биылғы жылы коворкинг орталығын ашып отырмыз. Бұл орталықты жергілікті облыс әкімдігің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қаржылай қолдауымен жүзеге асырып отырмыз, – деді Жібек Ахметова.
Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай, ҮЕҰ ұйымдастыруымен маңғыстаулық белсенді жастар алғаш рет ТМД елдерінің үкіметтік емес ұйымдары мен әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, өңір жастарына арналған www.mangystauzhastary.kz сайты ашылды. Онда жастарға арналған форумдар мен конкурстар, әртүрлі қызықты және пайдалы танымдық материалдар үздіксіз жарияланып отырмақ.
Өңірде маңғыстаулық жас суретшілердің басын біріктіріп, неше түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастырып жүрген үкіметтік емес ұйымның бірі – «Ақтау қалалық суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі.
-Биыл жеңілдік алдық 9 миллион теңге шамасында. Қазір сол қаражатқа сәйкес, шаралар іске асырып жатырмыз. Мәселен, отандық суретшілерді шақырып, шеберлік сағаттар арқылы тәжіибие алмастық, көрме жасадық. Екінші кезеңде, шетелден екі суретші шақырамыз ба деп жоспарлаудамыз,-деді Ақтау қалалық суретшілер одағының мүшесі Тынышбек Балтабеков.
2021 жылы қазан айында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ҮЕҰ басшыларымен кездесу өткізіп, мәселелерін тыңдаған болатын. Осы жиында талқыланған мәселелерден кейін, облыс басшысы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар тәрбиесіне, шығармашылығы мен мәдениетіне қаражат қарастыру мәселесіне көңіл бөлуді, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар мәселесінің заңды тетіктерін қарауды, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа бөлінетін қаражатты гарнттық негізде қаржыландыру мәселелерін қарастырған болатын. Жоғарыда аталған ұйымдардың биылғы атқарған жұмыстарының барлығы осы жергілікті әкімдіктің қолдауы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» бөлген қаражаттық гранттары есебінен жүзеге асырылып отыр.