Қасиетті Рамазан айында «Көмек Жаңаөзен» қоғамдық қоры мен УОС-1 мекемесі мүмкіндігі шектеулі азамат Арман Төлегенге баспана кілтін табыстады, – деп хабарлайды Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.
22 жастағы Арман Төлеген 1 топтағы мүгедек. Әкесі мектепте қоғамдық жұмыспен айналысады, ал анасы – жұмыссыз. Айтуынша, бұған дейін отбасы Қызылсай ауылындағы жағдайы төмен баспанада тұрған.
Осы орайда «Көмек Жаңаөзен» қоғамдық қоры қаржы жинап, УОС-1 мекемесімен бірігіп, Кендірлі ауылынан баспана салды. Нәтижесінде, мұқтаж отбасы төрт бөлмелі жайлы үйіне қоныстанып, қуанышқа бөленуде.
«Басты мақсатымыз – мұқтаж отбасыларына баспана сыйлау. Жалпы 2020 жылдан бері аймақтың түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жайлы баспанамен қамтылуына жәрдемдесіп жүрміз. Бүгінгі күнге дейін 26 отбасыға баспана кілтін табыстадық, ал кеше 27-отбасының қуанышына куә болдық. Қазіргі таңда 8 отбасына арналған баспананың құрылысы салынып жатыр», – дейді Райымбек Ералиев.
Айта кетейік, баспанаға мұқтаж жандар «Көмек Жаңаөзен» қоғамдық қоры жанынан құрылған комиссия арқылы анықталады.
Қоғамдық қор бұған дейін тек баспана сыйлап келсе, енді әлеуметтік маңызы бар шараларды ұйымдастырып жүр. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласындағы 1000 балаға сыйлық таратты, Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен тас жолы бойынан Намазхана ашты, Рамазан айында қариялар мен жаяу жүргіншілерге арналған тегін такси ұйымдастырды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА