«Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жасанды ұрықтандыру жолымен 2,4 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы аясында жыл сайын экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жүргізуге 7 000 квота бөлінеді. Соның нәтижесінде 2021 жылы 3 249 әйел жүктілік бойынша есепке алынды, 2 097 отбасында көптен күткен 2 461 бала дүниеге келді. Оның ішінде 1 288 қыз және 1 172 ұл. Көпұрықты жүктіліктен 364 бала жарық дүние есігін ашты.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2021 жылдан бастап ЭКҰ-ға квоталарды 7 есеге ұлғайта отырып іске қосуды тапсырған болатын, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Президент тапсырмасына орай:
– жетекші мамандандырылған мамандар мен денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар арасынан Сараптамалық кеңес құрылды;
– «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы бекітілді, оны іске асыру шеңберінде КРТ бойынша нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралды;
– өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің (әйелдер мен ерлер) тізімдері өзектендірілді;
– ұрпақты болу жасындағы әйелдер мен ерлердің санын ескере отырып, өңірлер бойынша 7000 ЭКҰ циклі бөлінді;
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) медициналық ұйымдар бөлінісінде ЭКҰ қызметтерінің көлемін орналастырды. МӘМС жүйесінде ЭКҰ өткізу бойынша қызметтерді бүгінде 19 клиника ұсынады (оның 3-і мемлекеттік, 16-сы жеке медициналық ұйымдар).