Ақтаудағы 1-шағынаудан «Дружба» аялдамасына қарама-қарсы жолға шақыру түймесі бар жаңа бағдаршам орнатылды. Бұл қала тұрғындарының өтініші бойынша жасалды, – деп хабарлайды mangystauzhastary.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Осындай өтінішпен Ақтау әкіміне 20 қазанда өткен қала тұрғындарымен кездесуде 1-шағынауданның тұрғыны Арайлым Асанқызы жүгінді. Ол сондай-ақ мектепке бару үшін күн сайын жолдан өтуге тура келетін оқушыларға алаңдайтынын атап өтті. Айтуынша, бұл жаяу жүргіншілер өткелі ересектер үшін де қауіпті.
Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергеновтің тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданды және жаяу жүргіншілер жолағында шақыру түймесі бар бағдаршам орнатылды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан мұндай құрылғылар қазір Ақтаудың жеті жаяу жүргіншілер жолағына орнатылғанын айтты.
– Бұл адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе балалар мен мектеп оқушылары жүретін жаяу жүргіншілер өткелдеріне қойылды. Қазір тест режимінде шақыру түймесі бар мұндай бағдаршамдар қаланың 1, 28-29 және 30 шағынаудандарында жұмыс істейді. Әкім тапсырмасымен «Дружба» аялдамасына да орнатылды. Түймесі бар бағдаршам қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданады, – деді Асхат Нұрмұхан.
Әкімдікте ақтаулықтардың бағдаршам орнату немесе жаяу жүргіншілер өткелін жабдықтау туралы барлық өтініштері жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі қалалық комиссияларда міндетті түрде қаралатынын атап өтті. Бұл мәселеге көп көңіл бөлінеді. Алайда, балалардың жолдағы толық қауіпсіздігі үшін ата-аналар олармен профилактикалық әңгімелер жүргізуі керек.
-Бала жолды тек белгіленген жерлерде ғана өтуге болатындығын білуі керек. Жаяу жүргіншілер өткелінде және қиылыста. Ең бастысы-бала отбасы мүшелерінен және басқа ересектерден үлгі ала отырып, жол заңдарын үйренеді. Сондықтан, ең алдымен, жол ережелерін қатаң сақтау керек, – дейді қала әкімдігіндегілер.