Ақтау қаласында жас суретшілерге арналған симпозиум басталды. Шараға арнайы Қырғызстан және Өзбекстаннан қылқалам шеберлері шақыртылды.
Симпозиум екі күнге созылмақ. Алғашқы күні жас суретшілер мен шеберлер арасында еркін форматтағы сұрақ-жауап болды. Одан әрі шет елдерден келген шеберлер суретшілік өнерінің дамуы туралы айтып, шеберлік сағатын өткізеді.
-Өткізіліп отырған симпозиумның мақсаты – өңірдегі суретшілердің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Сондай-ақ, жастардың сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Маңғыстау – шалғайда орналасқан, яғни Алматы, Астана сияқты мәдени ошақтардан алыста. Бізге мұнда шеберлік сағаттарын өткізіп тұру маңызды. Өйткені суретшілеріміздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай шаралар көп болуы керек, дейді ұйымдастырушылардың бірі «Ақтау қалалық суретшілер одағының» мүшесі Тынышбек Балтабаев.
Симпозиумның алғашқы күні студияда өтсе, екініші күні Бозжыра шатқалында өтеді. Онда суретшілер табиғатқа шығып, этюд салудың тың тәсілдерін меңгеретін болады.
-Мен Өзбекстаннан осы симпозиумға арнайы шақырылған қонақпын. Келгендегі мақсатымыз – неше жылдық жинаған тәжірибемізбен бөлісіп, керек жерінде өзімізге де қажетті дүниелерді алу. Мен Маңғыстауға келіп, картиналармен танысқан уақытта суретшілерінің үлкен потенциалы бар екенін көрдім. Олардың әртүрлі түстерді араластырып, жаңа рең алуы өте керемет. Бұл жерде Маңғыстаудың табиғаты да ерекше рөл ойнайды. Себебі мұнда сарғыш, қоңыр түстің өзінінің сан алуан түрі бар, – дейді Өзбекстаннан келген қонақ Шавкат Маматкаримов.
Мәдени шара Маңғыстау облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «Ақтау қалалық суретшілер одағының» бастамасымен жүзеге асып отыр.