Ақтауда күйші Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған республикалық күйшілер байқауы басталды.
Шараның мақсаты – бабалардың мұрасын жаңғырту және төкпе күй дәстүрін насихаттап жаңа есімдерді ашу. Байқаудың басты ерекшелігі – үміткердің жас мөлшеріне, кәсіби біліміне, мамандығына шектеу қойылмауында. Сайысқа қатысуға барлық өңірден 20 үміткер келді.
-Республикалық байқауға атап айтқанда Астана, Алматы, Қарағанды, Атырау және Маңғыстау облысынан үміткерлер қатысады. Байқау туралы жарияланған сәтте Маңғыстау облысы бойынша 17 өтінім келіп түсті. Дегенмен, олардың ішінен 5 күйшіні іріктеп жібердік, – дейді Бекбол Базарбаев.
Байқау күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Роза Айдарбаеваның 70 жылдығына арналған.
-Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезеңінде қатысушы өзі жеке орындаса, үшінші кезеңі оркестрдің сүйемелдеуімен орындалады. Байқаудың басты ережесі Құрманғазы, Дина, Өскенбайдың музыкалық шығармаларын таңдау. Қатысушылар өз нақышына келтіре отыра, өз өнерлерін паш етеді деген сенімдемін, – деді Роза Айдарбаева.
Байқау 23 қараша басталып, 25 қарашаға дейін жалғасады. 24 қараша сағат 18:00-де Роза Айдарбаеваның «Ақжарма» атты концерті М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында өтеді.