Ақтауда 19 қазан күні сағат 19:00-де М. Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда Арман Жүдебаевтың «Күй-өмірім» атты шығармашылық кеші өтеді.
Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, күйші, дирижер Арман Жүдебаевтың айтуынша, кешті ұйымдастырудағы басты мақсат – күй өнерін жастарға насихаттау. Қазақ өнерін болашақ ұрпаққа аманат етіп жеткізу әр өнер майталмандарының парызы.
-Бүгін, ән сүйер қауым, жүрек тебірентерлік, тарихы бар күйлердің кешіне куә болады. Бүгінгі кеште Нұркен Нұрғалиұлымен бірге дүниеден өткен досымызға арнап, шығарған туындымыз «Сағыныш толғауы», белгілі композитор Әсет Бейсеуовтың шығармалары және киелі 362 әулиенің мекені Маңғыстаудың «Адай» күйі міндетті түрде орындалады. Керемет кештің куәсі боласыздар деп сендіремін. Шара «Республика күніне» арналады. Келе жатқан мейрам құтты болсын!,- дейді Арман Жүдебаев.
Кештің жүргізушісі Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев.
-Концерт Атырау өңірінен басталып, Ақтөбеде жалғасты. Енді шығармашылық топпен қарт Каспийдің жағалауындағы киелі өлке Маңғыстауға келдік. Барлығыңызды бүгінгі кешке шақырамыз. Үздік туындылар орындалады. Алдағы уақытта шығармашылық кешті басқа өңірлерде жалғастыру жоспарланып отыр, – дейді Амантай Берғалиев.
Айта кетейік, концертте күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров те өнер көрсетеді.