Ақтау қаласында туризмді дамытуға арналған хакатон өтіп жатыр. Шара аясында IT саласының мамандары туристерге оңтайлы болатын қосымшаларды жасайды.
Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының бастамасымен, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігі және «Astana Hub» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жалпы хакатон дегеніміз – бағдарламалық қамсыздандыруды жасақтаудың әртүрлі салаларынан жиналған мамандардың қандай да бір мәселені шешу мақсатында бірігіп жұмыс істеу үшін ұйымдастырылатын шара.
Аталған хакатон, яғни бағдарламалау марафоны «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінде өтуде. Оған 30 қатысушы мен 12 команда қатысып бақ сынауда. Ұйымдастырушылар марафон барысындағы бағдарламашылардың басты мақсатын түсіндірді.
-Яғни шара барысында жиналған командалар туризм саласын дамытуға үлес қосатын, саяхаттау кезінде қажет болатын оңтайлы бағдарлама немесе жаңа қосымша ойлап шығаруы тиіс. Бұл бағдарламада өңірімізге келген туристердің гид қызметтерін оңай табуына және өз маршруттарын белгілеп, жол нұсқаушымен(гид) тікелей байланысқа шығуға қолайлы болуы шарт, – дейді ұйымдастырушылардың бірі «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы цифрландыру бөлімінің басшысы Қуаныш Дайырбеков.
Шараның бірінші күнінде қатысушыларға хакатон ережелері мен байқаулар кестесі және жобаларды бағалау критерийлері таныстырылды. Екінші күні жобаларды әзірлеу және жөндеуге арналатын болады. Хакатонның үшінші күні командалар орындаған жұмыстар мен шешімдердің өзіндік ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі әңгімелей отырып, өз жобаларын ұсынады. Шара соңында үздік жоба ұсынған командаларды марапаттау рәсімі өтеді.
Хакатон аясында келушілер технология мен құралдар, жұмыс кейстері бойынша сарапшылардың лекциялары мен шеберлік сабақтарына қатыса алады.
-Бұл іс-шара жас мамандар үшін тың идеяларды ұсынуға және оны жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сондықтан бұл шараның маңызы зор, дейді хакатонға қатысушы алматылық Саяжан Совет.
Бүгін басталған it шара 12 қарашаға дейін жалғасады.