Ақтауда IV республикалық «Қайқылардан қалған саз» атты Маңғыстаудың дәстүрлі әндерін орындаушылар конкурсы басталды. Мәдени шараға еліміздің әр өңірінен 19 үміткер қатысады.
Шараның мақсаты- жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстаудың киелі өнерін сақтап, маңыздылығын түсіндіру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау II кезеңнен тұрады.
Талапкерлер I кезеңде, әуелі қалауы бойынша өз мектебінен бір ән, содан соң Тұрсын Алдашұлының «Көлқайнарын», Құрмаш Қосжанұлының әнін, Қойбас Жалбырұлының «Сарайшық» әндерін орындайды. Ал, II кезеңде Орақ Байдалыұлының «Айдауда», Нәрік Жарылғасұлының «Жастық шақ», ер адамдар – Досат Бәйменбетұлының «Қара қайық», қыз-келіншектер Қалаулы Жомарт келінінің әнін орындаулары шарт.
Сайысқа арнайы әділ-қазылар тағайындалған. Солардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейсова.
-Маңғыстауда өтіп жатқан бұл байқаудың маңызы жоғары. Республикаға өте танымал. Конкурс не береді десек, әрине, алдымен талантты жастарды анықтау және дәстүрлі әнді жаңғырту, халыққа жеткізу. Қара қылды қақ жарып, әділқазы болу оңай емес. Дегенмен, шын дарындыларды танимыз деп ойлаймын,-дейді Сәуле Жанпейсова.
Айта кетейік, байқау 10 қарашаға дейін М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында жалғасады.
Сонымен қатар, байқаудан кейін 11 қараша «Абай» мәдени-демалыс кешенінде дәстүрлі әнші Айгүл Қосанованың «Туған ел -тұмса сағыныш» шығармашылық кеші өтеді. Концертте дәстүрлі және эстрадалық бағыттағы әндер орындалады.