Бүгін Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров ауданның белсенді жастарымен кездесу өткізді. Еркін форматта өткен кездесу аудан жастарының әлеуметтік-инновациялық жобалары аясында дайындаған көрмесін тамашалаумен басталды.
Кездесуде жастар аудан басшысына бірқатар ұсыныс пікірлерін жолдады. Ұсыныс-пікір алмасу барысында белсенді жастар спорттық сайыстарға баратын жастарды қолдау, жұмыспен қамту, дәстүрлі ойындарды жаңғырту жайында ұсыныс айтылды. Ауданда талантты жастардың көп екендігі айтылып, өнері мен дарынын дамытуға арналған үлкен деңгейде шаралар ұйымдастырылу қажеттілігі сөз болды.

Жастардың барлық ұсынысын тыңдаған аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы жастар мен қоғам белсенділерімен кездесуді жиі ұйымдастырып, айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін айтты. Ауданның дамуы жолында жастардың да қосар үлестері барын атап, сенім білдірді.
Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен өркендеуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де сіздерге байланысты. Сіздер қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдерісіздер. Жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Себебі, жастарымыздың жаңа белестерге деген ұмтылыстары жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан да осы кездесуде айтылған ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз ескерілетін болады, – деді аудан әкімі.
