«Маңғыстау жастары» сайтына тың серпін беру мақсатында «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі жастардың кәсіби медиа құзыреттерін дамыту, жастардың ақпараттық алаңына жаңа медиа тетіктерін енгізу бойынша жұмысты ұйымдастыру үстінде.
«Қолдау» орталығының» директоры М. Елеусінова сайттың жандандыру бағытында көзделіп отырған нәтижелер туралы Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте хабарлады:
«- Біз Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен www.mangystauzhastary.kz cайтының үздіксіз жұмысын жолға қоюды бастадық. Аталған сайтта интерактивті құралдарды (интернет, телевидение және т.б.) пайдалана отырып, өңірдің жастар саясатын іске асыруды интернетте жариялау, сайт қолданушылар санын арттыруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру, жастар ұйымдарының, бастамашыл топтар мен жастардың қызметін барлық интернет-ресурстарда, соның ішінде әлеуметтік желілерде, бейнехостинг сайттарында көрсету, блогерлер пулын қалыптастыру және олардың Маңғыстау облысы жастарының өмірін кеңінен жариялау бойынша жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру шеңберінде ақпараттық айдарларды өткізу студиясы мен брифингтер өткізу алаңын қамтитын жастар медиа орталығын құру көзделіп отыр.
Сайтта Маңғыстау облысының түкпір-түкпіріндегі жастардың тыныс-тіршілігінен мәліметтер беріліп отырады. Мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар ақпараттандырылады. Маңғыстау жастарының бет-бейнесіне айналған жас қоғам белсенділерімен бірлесе отырып, олардың қатарын толықтыруға ықпал ету бағытындағы жұмыстар үйлестіріледі. Күнделікті негізде бос жұмыс орындары салынып, жастарға арналған форумдар мен конкурстар, әртүрлі қызықты және пайдалы танымдық материалдар үздіксіз жарияланып отырады. Фото, видео, мақала және өзге де форматтарда ақпараттандыру жүзеге асады. Маңғыстау облысындағы барлық жастың ортақ интернет-платформасына айналуды көздеп отырған сайтты жүргізу үшін интерактивті құрал-жабдықтарды пайдалану көзделуде. Аталған жұмыстарды жүйелі жүргізу арқылы сайттың тұрақты оқырмандарын қалыптастыру және сайттың көрілім (қаралым) санын арттыру жоспарланып отыр. Жоғарыда аталып өткен бос жұмыс орындары және өзге де күнделікті (жастардың жұмыссыздығын жоюға ықпал ету мақсатындағы ақпараттық қолдаудан) ақпараттардан бөлек, сайт Маңғыстау облысы көлеміндегі барлық деңгейдегі жастар ресурстық орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен ақпараттық байланыс орнатуды көздейді. Сол арқылы жастар ресурстық орталықтарында өткізіліп жатқан әртүрлі шаралар мен бастамаларды ақпараттандырып отырады және жастарды азаматтық қоғамға тарту жұмыстарын жүргізеді. Қоршаған ортаны қорғау, отаншылдыққа тәрбиелеу, білім алуға құлшыну, танымдық деңгейін көтеру, т.б. бағыттағы жұмыстар қолдағы бар интерактивті жабдықтарды пайдалана отырып жүргізіледі. «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі аталған интернет платформа арқылы қазақша контентті көбейту және сапасын арттыру, Маңғыстау жастарының оң имиджін қалыптастыру және әр саланың жас үздіктерін қоғам алдына шығарып, насихаттауды сапалы түрде жүзеге асыруды мақсат етеді»,- дейді М.Елеусінова.