Ақтауда дзюдодан өтіп жатқан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогында маңғыстаулық екі спортшы алтын медальды қанжығаға байлады,- деп хабарлайды сайт тілшісі облыстық спорт басқармасына сілтеме жасап.
66 келі салмақта Сұңғат Жұбатқан боз кілемде бабында екенін көрсетіп, І-орын иеленсе, 73 келі салмақта Асқар Нарқұлов өзге спортшыларға тізе бүктіріп, алтын жүлдені қанжығалады.
Енді оларға Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сай лицензиялық рейтинг бойынша 100 ұпай беріледі.
Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан XIII ашық Азия кубогының ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай, JUA өкілі, ҚР дзюдо федерациясының атқарушы хатшысы Асхат Житкеев, Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев қатысты.
Шараға 6 мемлекеттен 200-ге тарта спортшы қатысып жатыр.
Маңғыстаулық спортшылар жеңіс тұғырында еліміздің гимнін шырқатты.