Ақтауда 24 – 26 тамыз күндері «Ақтау студенттер альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен теңіз жағалауында тимбилдинг өтеді. Жарысқа жоғары оқу орны мен орта арнаулы оқу орнының білім алушылары қатысады.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту, өзін-өзі қалыптастыру, студенттердің басын біріктіріп, тиімді уақыт өткізу.
Тимбилдинг аясында жастар топқа бөлініп, алты кезең бойынша сынға түседі. Барлық кезеңнің тапсырмасы арқылы қатысушылардың шапшаңдығы, көшбасшылық қасиеті және командамен жұмыс істеу қабілеті сыналады.
Шара соңында жүзден жүйрік шыққан команда қатысушылары дипломмен марапатталады.
Айта кетейік, тимбилдинг Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында студенттік өзін-өзі қалыптастыру жүйесін дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылады.